Равшана Куркова

Ресейлік театр және кино актрисасы. 1980 жылы 22 тамыз күні Ташкентте туған. 1990-шы жылдардың соңында Мәскеуге көшіп, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетіне түседі. Жоғары оқу орнын бітірген ол телевизиялық ток-шоу редакторы, режиссердің көмекшісі болып істейді. Татьяна Пышнованың театр училищесінде оқытушы Щепкиннің қол астында актерлік шеберлік дәрісін алады. Жоғары режиссерік курсы аясында лекциялар тыңдайды.

Равшана 50 астам рольде ойнаған, олардың қатарында: Анна Меликянның «Про любовь», Рэйф Файнстың «Белая ворона», «Нереальная Любовь», «Детки напрокат» фильмдері және «А у нас во дворе», «Барвиха», «Влюблённые женщины» сериалдары бар.

2010 жылы премьерасы өткен Олег Глушковтың «Rooms» пластикалық драма-антриприза спектакльіне қатысқан. Мәскеу «Практика» театрында Иван Вырыпаевтың «Невыносимо долгие объятия» және «Иллюзии» атты театралды қойылымдарында басты ролдерде ойнаған. 2016 жылы А.С.Пушкиннің «Дубровский» романы бойынша Максим Диденко қойған «Чёрный русский» иммервисті спектакль-триллерінің тұсауы кесіледі. Равшана аталған қойылымда бас әйел кейіпкері — Маша Троекурованы сомдайды.